Негізгі Жаңалықтар Қолжетімді баспана

Қолжетімді баспана

Баспана мәселесі – көпшілік үшін өзекті тақырып. Қолжетімді тұрғын үй салу және кезекте тұрған азаматтарды пәтермен қамту бағытындағы жұмыстар Қостанай ауданында да жалғасып келеді. Бұл ретте жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, баспана кезегіндегілерге мүмкіндік жасалуда. Ал пәтерлер кімдерге және қандай тәртіппен беріледі? 

14 жыл бойы баспана кезегінде тұрған Нұржан Нұрмағамбетов жаңа пәтерге биыл сәуір айында қоныстанған. Ол педагогтерге арналған жеңілдетілген бағдарламаға қатысып, жылдық 5 пайыздық мөлшерлемемен бір бөлмелі пәтерге қол жеткізді.

Отбасы қоныстанған пәтер Тобыл қаласындағы «Бәйтерек» шағын ауданында орналасқан. Мұндағы үйлердің сыртқы келбеті көз тартады. Аулалары абаттандырылып, тұрғындарға қажетті жағдай жасалған. Пәтерлер бір, екі және үш бөлмелі болып бөлінеді.

Тұрғын үйге сұраныс жоғары. Сондықтан ауданда құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Құрылыс бөлімі мәліметінше, биыл бес қабатты 13 үйдің құрылысы аяқталып, қазір пайдалануға беру құжаттары әзірленуде. Ал тоғыз қабатты тағы 10 үйдің құрылысы басталған. Оларды 2027 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Пәтерлердің бір бөлігі тұрғындарға берілген. Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту да қарастырылған. Ал қалған пәтерлер Отбасы банкінің бағдарламалары арқылы үлестіріледі. Бағдарламаға қатысу талаптары мен өтінім қабылдау мерзімдері банк сайтында жарияланады. 


Бөлісу