Қостанайда көлік инфрақұрылымы жаңғырып келеді
Қостанайда соңғы 5 жылда 172 шақырым жол жөнделген. Биыл ұзындығы 22 шақырым болатын 48 көшенің жолы жаңарып, бір көше толық реконструкциядан өтіп, 35 тұрғын үйдің ауласы абаттандырылған. Сондай-ақ облыс орталығында көше жарығын орнату, жаяу жүргіншілер жолын реттеу, бағдаршамдар мен аялдамаларды жаңарту жұмыстары қарқын алған.
Қала тұрғындарының саны артқан сайын, көшелердегі көлік қозғалысының қарқыны да күшейіп келеді. Бұл өз кезегінде жол-көлік инфрақұрылымын жүйелі түрде жаңғыртуды талап етеді. Қостанайда осы бағыттағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Мәселен, биыл Нариманов көшесінің Абай мен Алтынсарин көшелерінің аралығындағы бөлігінде ауқымды қалпына келтіру жұмысы жүргізілді. Жоба аясында жолдың жүріс бөлігі 8 метрден 14 метрге дейін кеңейтілді. Сондай-ақ көлік жүргізушілеріне қолайлы жағдай жасау мақсатында 48 жаңа автотұрақ орны ашылды.
Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бағытында да бірқатар шара қолға алынған. Атап айтқанда, биыл қосымша 50 жаяу жүргіншілер өткеліне көше жарығы орнатылады. Бұл, әсіресе, қараңғы уақытта жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар 40 учаскеде проекциялық жаяу жүргіншілер өткелі жабдықталған. Арнайы жарық проекциясы жолдан өтіп бара жатқан адамдарды алыстан анық көруге мүмкіндік береді. Осылайша, жүргізушілердің назарын өткелге аударып,
Қала көшелеріндегі жаяу жүргіншілер жолдарын жаңғырту және жаңадан салу жұмыстары жалғасады. 2027 жылы қосымша 10 мың шаршы метр тротуар жабынын ауыстыру жоспарланып отыр. Алайда атқарылатын жұмыс әлі де ауқымды. Бүгінде шаһардың 88 көшесінде жаяу жүргіншілерге арналған тротуар мүлдем жоқ. Ол үшін 174,4 мың шаршы метр аумаққа жабын төсеу қажет.
Қаладағы қоғамдық көлік аялдамаларын жаңарту және көбейту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Қостанайдың маршруттық желісінде барлығы 506 аялдама бар. Оның 191-іне шыны павильондар орнатылған. Ал 34 аялдамада кәсіпкерлік нысандары жұмыс істейді. Алдағы 2027 жылы тағы 20 аялдама павильонын орнату жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, Қостанайда веложолдар желісін дамыту жоспарланып отыр. Жобаның жалпы ұзындығы – 38,2 шақырым. Ол Қонай, Юбилейный, Әуежай шағын аудандарын, КСК ауданын, қала орталығы мен Триатлон саябағын қамтиды. Бұл, ең алдымен, велосипедшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, экологиялық көлік түрін дамытуға мүмкіндік береді. Жобаны қаржыландыруға өтінім берілген. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылдан бастап үш жыл ішінде кезең-кезеңімен жүргізу жоспарланып отыр.