Триатлон саябағы тың қызмет түрлерімен толығады
Триатлон саябағы толық абаттандырылды. Енді аумағында сауда орындарын ашу көзделіп отыр. Қала әкімі Марат Жүндібаевтың айтуынша, сауда орындары орналасатын аумақтар дайын әрі қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Енді тек кәсіпкерлерді анықтау қалды.
Триатлон саябағы қала тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының біріне айналды. Енді мұнда келушілерге қосымша қолайлы жағдай жасалмақ. Атап айтқанда, жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын жаңа әкімшілік-тұрмыстық кешеннің құрылысы аяқталды. Мұнда полиция пункті, қызметкерлерге арналған бөлмелер, душ кабиналары мен қоғамдық дәретханалар орналасқан.Сонымен қатар кешенде 8 коммерциялық орын қарастырылған. Кәсіпкерлер оларды жалға алып, қоғамдық тамақтану орындарын, гүл және кәдесый дүкендерін, спорттық тауарлар сататын бутиктер ашып, түрлі қызмет түрлерін ұсына алады.
Ал коммерциялық орындарды жалға алу құны да белгіленді. Әрбір нысанның бастапқы айлық жалдау ақысы 64 мыңнан 104 мың теңгеден басталды. Кәсіпкерлер тендер арқылы анықталады. Коммуналдық қызметтердің ақысы бұл сомаға кірмейді.
Триатлон саябағындағы жаңа нысандар аумақтың инфрақұрылымын дамытуға және тұрғындардың демалысын жайлы ұйымдастыруға бағытталған. Ендігі міндет – кәсіпкерлерді тартып, келушілерге қажетті қызмет түрлерін ұсыну. Осылайша, саябақ қала тұрғындары үшін тек спортпен шұғылданатын орын ғана емес, отбасымен демалуға қолайлы қоғамдық кеңістікке айналмақ.