Судың да сұрауы бар
Сусыз тіршілік жоқ. Әсіресе, егіншілікке арқа сүйеген Қостанай облысы үшін судың әр тамшысы маңызды. Биыл өңірде суару маусымы тұрақты өтті. Су қоймаларындағы қор да әзірге жеткілікті. Алайда мамандар қолдағы ресурсты шексіз деп қарауға болмайтынын ескертеді. Өйткені су тапшылығының алдын алу – бүгіннен басталатын міндет. Бұл мәселе Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында да көтерілді.
Өңірдегі негізгі су қоймаларында су қоры жеткілікті. Атап айтқанда, Жоғарғы Тобыл су қоймасы 72 пайызға, ал Қаратомар су қоймасы 66 пайызға толған. Мамандардың айтуынша, қазіргі су көлемі өңір халқының коммуналдық қажеттіліктері мен ауыл шаруашылығы саласын қамтамасыз етуге жеткілікті.
Алайда су қорының жеткілікті болуы оны үнемдеу қажеттігін жоққа шығармайды. Керісінше, қолдағы ресурсты тиімді пайдалану – бүгінгі күннің басты міндеті. Мемлекет басшысы да халыққа арнаған Жолдауында су тапшылығының алдын алу мәселесіне ерекше тоқталды. Президент су тұтынуды бақылауды күшейтіп, желілердегі шығынды азайтуды және ауызсуды мақсатсыз пайдалануға жол бермеуді тапсырды. Ал суды үнемдеу мәдениеті мемлекеттік деңгейдегі шаралармен қатар, әр тұрғынның күнделікті тұрмысынан басталуы тиіс.
Мамандардың айтуынша, судың ертеңгі тапшылығына бүгінгі ысырап та әсер етуі мүмкін. Сондықтан оны үнемдеу үшін ауқымды шараны күтудің қажеті жоқ. Тұрмыстағы қарапайым дағдыларды өзгерту, су ағатын крандарды дер кезінде жөндеу және ауызсуды орынсыз пайдаланбау – су шығынын азайтудың тиімді жолдары.