Қауіпке қарсы қам-қаракет
Өңірдегі өрт қауіпсіздігі, өндірістік нысандарды бақылау, көктемгі су тасқынына әзірлік пен төтенше жағдайлардың алдын алу шаралары пысықталды. Осы ретте Қостанайда ҚР ТЖ министрінің қатысуымен кеңесі өтті. Жиында жыл басынан бері атқарылған жұмыстар қорытындыланып, алдағы кезеңнің міндеттері талқыланды. Құтқарушылардың дайындығы қандай және қауіпті нысандарда қанша заңбұзушылық анықталды?
Биыл Қостанай облысында орманды және далалы алқаптарда 73 өрт тіркеліп, мың гектардан астам жерді жалын шарпыған. Төтенше жағдайлар қызметі үш мыңнан астам шақыртуға шыққан. Өрт саны артқанымен, жедел әрекеттің арқасында шығын азайған.
Көктемгі су тасқынына дайындық қазірден бастап жүргізіліп жатыр. Мамандар бірер айда 50-ден астам техникалық іс-шара өткізген. Су басу қаупі бар ауылдарда қорғаныс бөгеттері нығайтылуда. Жыл соңына дейін тағы алты қорғаныс нысанын дайындау жоспарланған.
Өндірістік қауіпсіздік те назарда. Жоспарланған 88 тексерудің 74-і жүргізілген. Жоспардан тыс тексерулер барысында 1505 заңбұзушылық анықталып, 82 әкімшілік хаттама толтырылған. Салынған айыппұлдардың жалпы сомасы 13 миллион теңгеден асты.
Құтқарушылардың дайындығы техникалық жарақтандыруға да байланысты. Биыл Тобыл қаласында 439 миллион теңгеге жаңа өрт сөндіру бөлімі ашылды. Лисаков қаласындағы өрт сөндіру бөлімінің шатыры жөнделді. Ал Арқалықтағы депоны қайта жаңғырту жыл соңына дейін аяқталмақ.
Өртпен күрес, су тасқынының алдын алу және өндірістік қауіпсіздік. Бұл бағыттардың барлығы бір мақсатқа – адам өмірін қорғауға бағытталған. Ендігі міндет – жоспарланған жұмыстарды мерзімінде аяқтап, төтенше жағдайдың алдын алуға дайын болу.