Каратэден ел чемпионаты өтті
Қостанайда каратэден ҚР чемпионаты мен республикалық ашық турнир өтті. Қос дода ересектер мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылды. Бұған 500-ден астам спортшы қатысты.
Каратэның шинкиокушинкай түрінен өткен Қазақстан чемпионатына еліміздің түкпір-түкпірінен үздік спортшылар жиналды. Жарыстың ашылу салтанатында бірқатар спортшыға қара белбеу табысталып, қатысушылар шеберліктерін ортаға салды.
Бұл додаға халықаралық жарыстарда топ жарып жүрген спортшылар да қатысты. Солардың бірі – Астана қаласының намысын қорғап жүрген Еламан Мұқашев. Ол – ел чемпионатының жеңімпазы, Азия чемпионы және Жапонияда өткен әлем чемпионатының қола жүлдегері. Биыл да Еламанның басты мақсаты – жеңіс тұғырынан көріну.
Жарысқа қыздар да тыңғылықты дайындықпен келген. Татамиде өнер көрсеткен спортшы қыздар жойқын соққыларымен көзге түсіп, шебер тактика мен жоғары кәсібилік көрсетті. Солардың бірі – Жетісу облысынан келген Сәния Қалиахметова.
Ал 60 келі салмақ дәрежесінде Атырау облысының намысын қорғаған Батырхан Амангелдиев қарсыластарына дес бермеді. Бұл санатта 15-тен астам спортшы бақ сынады. Атыраулық каратист барлық белдесуде басымдық танытып, жеңіске деген жігерін көрсетті.
Үздіктердің басын қосқан дода жойқын соққылар мен тартысты жекпе-жектерге толы болды. Бапкерлер мен жанкүйерлердің қолдауы спортшыларға жігер беріп, жеңіске деген ұмтылысын арттырды. Ал жарыста топ жарған үздіктер Азия чемпионатына жолдама алып, халықаралық аренада ел намысын қорғайды. Сонымен қатар, жеңімпаздар Қазақстан ұлттық құрамасының сапына қосылады.