Негізгі Жаңалықтар Өрісі кеңейген өңір

Өрісі кеңейген өңір

Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешенін өркендетуге бағытталған жобалар жалғасып жатыр. Биыл 4 жаңа сүт фермасы іске қосылып, жайылымдық мал шаруашылығына қатысты алты жобаны аяқтау жоспарланған. Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар да салынып жатыр. 

Өңірдегі ауыл шаруашылығының дамуы өнім өңдеу ісімен тығыз байланысты. Жыл басынан бері жергілікті шаруалар 53 мың тоннадан астам ет және 200 тоннадан астам сүт өндірген. Ет және сүт бағытындағы өндіріс көрсеткіштері де бірнеше пайыздық тармаққа кеңейген. Мамандар мұны саладағы қолайлы жағдайлармен, әсіресе жайылымдық, етті және сүтті мал шаруашылығына көрсетіліп жатқан мемлекеттік қолдау мен жеңілдетілген несие тетіктерінің нәтижесімен байланыстырады. 

Сүт өндірісін ұлғайтуға да басымдық берілген. 2023 жылдан бастап өңірде Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде сүт фермаларын салу қолға алынды. Осы уақыт ішінде бұл мақсатқа 43 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, жылына 26 мың тонна сүт өндіруге қауқарлы жеті ферма салынды. Жыл соңына дейін тағы төрт кешенді іске қосу жоспарланып отыр. Жобалардың жалпы құны – 17 миллиард теңге.

Өңірде етті мал шаруашылығы да қарқынды дамып келеді. Қазір облыста ет бағытындағы ірі қара өсіретін 1300-ден астам шаруашылық бар. Бұдан бөлек, бордақылау алаңдары да жұмыс істейді. Ірі үш кешенде бір маусымда 38 мыңнан астам бас ірі қара бордақыланады. Малдың басым бөлігі шағын және орта шаруашылықтардан жеткізіледі. Бұл – ұсақ шаруашылықтар үшін де өнім өткізіп, табысын арттырудың бір жолы.

Шаруалардың мүмкіндігін кеңейту үшін биыл «Игiлiк», «Береке» және «Жайлау» атты жаңа несиелік бағдарламалар ұсынылды. Алғашқы жартыжылдықта сегіз шаруашылық өтінім беріп, оның үшеуі мақұлданған. Қолдау тапқан жобаларды қаржыландыру көлемі 5 миллиард теңгеден асты. Жаңа бағдарламалар шаруашылықтардың әлеуетін арттырып, мал басын көбейтуге және өндіріс көлемін ұлғайтуға бағытталған. Ал олардың тиімділігі алдағы уақытта нақты өндіріс көрсеткіштерімен бағаланбақ.  


Бөлісу