Негізгі Жаңалықтар Тазалыққа бақылау күшейеді

Тазалыққа бақылау күшейеді

Тазалық бар жерде тәртіп бар. Қостанай облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсарту, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері бірқатар шара жүзеге асқанымен, қайта тексеру нәтижесі барлық жұмыстың талапқа сай орындалмағанын көрсетті. Бағдарламаның іске асырылу барысы мен өзекті мәселелер облыстық кеңесте талқыланды. 

Бағдарлама аясында облыстың әрбір елді мекенінде мониторинг жүргізіліп, 15 мыңға жуық ескерту тіркелген. Жергілікті атқарушы органдар олардың 78 пайызы орындалғанын мәлімдеген. Алайда қайта тексеру нәтижесінде нақты расталғаны – 63 пайыз ғана. Облыс әкімі бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, әр аудандағы жағдайды тұрақты бақылауда ұстау қажеттігін атап өтті.

Абаттандыруға кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер де үлес қосуда. Сарыкөл ауданында 193 миллион теңгеге келісім жасалса, Бейімбет Майлин ауданында спорт нысандары мен қоғамдық аумақтар абаттандырылған. Сонымен қатар Федоров, Ұзынкөл және Бейімбет Майлин аудандарында қараусыз қалған 75 ғимарат сүріліп, тағы 64-і консервацияланған

Бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру. Облыстың білім беру ұйымдарында «Таза Қазақстан» жобасы «Адал азамат» тәрбие 

бағдарламасымен сабақтастықта жүзеге асырылуда. Мектептерде экологиялық үйірмелер, жасыл клубтар мен тәжірибелік жобалар жұмыс істейді. Биыл көктемде 431 мектептің оқушылары мен ата-аналары 11 мыңға жуық ағаш отырғызған. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының аумағында жеміс бақтарын құру жұмыстары басталды.

Облыстық кеңесте алдағы міндеттер де айқындалды. Ендігі кезекте анықталған ескертулерді формалды түрде орындап қана қоймай, нәтижесін нақты бақылау қажет. Әсіресе қараусыз қалған ғимараттарды ретке келтіру, заңсыз қоқыс орындарын жою және отырғызылған көшеттердің сақталуын қамтамасыз ету басты назарда болмақ. Осыған байланысты облыс әкімі жауапты басшыларға бағдарламаның орындалу сапасын күшейтіп, анықталған кемшіліктерді толық жоюды тапсырды


Бөлісу