Өңірде ЖРВИ өршіп тұр
Облыста ЖРВИ жұқтырғандар саны өткен жылмен салыстырғанда 3,8 пайызға артты. Эпидемиологиялық маусым басталғалы өңірде 12 мыңнан астам жағдай тіркелген. Аурушаңдық әсіресе балалар арасында жоғары. Ал тұмау әзірге анықталған жоқ.
Өңірде эпидемиологиялық маусым басталғалы ЖРВИ-дің 12 мың 281 жағдайы тіркелді. Өткен аптада 5 мың 880 адам инфекция жұқтырған. Дегенмен, аурушаңдық деңгейі алдыңғы аптамен салыстырғанда 4,3 пайызға төмендеген. Тіркелген жағдайлардың шамамен 61 пайызы 14 жасқа дейінгі балаларға тиесілі. Бір аптада осы жас санатында 3 мың 569 жағдай анықталған. Ал өңірде тұмау жұқтыру деректері әзірге тіркелмеген. Соған қарамастан, аурудың алдын алу шаралары жалғасуда. 7 қазанда басталған тұмауға қарсы вакцинация аясында бүгінге дейін 15 мың 569 адамға екпе салынған.