Шынайы жүректен шыққан шығармалар
25 қазан – Республика күніне орай ауыл шаруашылығы колледжінде «Арнау – жүректен шыққан жыр» атты әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шара барысында студенттер өлең оқып, ән шырқап, туған елге деген сүйіспеншіліктерін өнер арқылы жеткізді. Кештің мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеу.Республика күні – мемлекеттіліктің мәнін ұғындырып, елдік мұраттарды дәріптейтін маңызды мереке. Бұл күннің мәні тек тарихи оқиғаларды еске алумен шектелмейді. Ол – әр азаматтың туған жер алдындағы жауапкершілігін сезініп, ел болашағына бейжай қарамауының белгісі. Осындай құндылықтарды жастардың санасына сіңіруде мәдени және шығармашылық іс-шаралардың орны ерекше.Биылғы әдеби кешке аға буын ақын Александра Суслова да арнайы қатысты. Ол студенттердің шығармаларын тыңдап, жас буынның поэзияға деген қызығушылығымен танысты. Кәсіби әдебиет өкілдерімен жүздесу – талапты жастар үшін өз шығармашылығына сырт көзбен қарауға, жаңа идеялар қалыптастыруға және әдебиетке деген көзқарасын кеңейтуге берілген мүмкіндік.Өнер арқылы ойын жеткізген жастар үшін мұндай алаңның мән-маңызы зор. Сахнаға шығып, көпшілік алдында өнер көрсету олардың өзіне деген сенімін арттырып, қабілетін шыңдауға көмектеседі. Сонымен қатар , ортақ мерекеге атсалысу студенттердің белсенділігін арттырып, шығармашылық бастамаларын жүзеге асыруға жол ашады.Туған елге деген сүйіспеншілік кейде бір ауыз сөзден, кейде жүректен шыққан жырдан, әуезді әннен көрініс табады. Ал сол сезім жас ұрпақтың жүрегіне жол тапса, елдің ертеңі де еңселі болмақ. Қысқасы, әдеби кеш – өнерді ұлықтап, отанға деген құрметті өлеңмен өрнектеген тағылымды кездесу болды.