Егемендік бастауы – Республика күні
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайта берілді. Бұл күн – ел егемендігін айшықтайтын маңызды дата. Осыған орай Ы. Алтынсарин мемориалдық музейінде тағылымды іс-шара өтті. Оған қатысқан оқушылар ел тарихымен танысып, айтулы датаның маңызы туралы мағлұмат алды.Іс-шараның басты мақсаты – жас ұрпаққа Республика күнінің тарихи маңызын түсіндіру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және оқушылардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру. Кездесу барысында Қазақстанның егемендік жолындағы тарихи белестері сөз болып, Тәуелсіздіктің бастауы болған тарихи шешімнің маңызына назар аударылды.Танымдық кездесу викториналық ойындармен жалғасын тапты. Оқушыларға Қазақстанның тарихы, ұлттық салт-дәстүрлері, мәдени мұрасы мен Республика күнінің маңызына қатысты түрлі сұрақтар қойылды. Жас қатысушылар өзара пікір алмасып, білімдерін ортаға салды. Әр сұраққа жауап іздеп, тарихи деректерді еске түсіру арқылы қызығушылық танытты.Музей қызметкерлері оқушыларға тарихи деректерді таныстырып, туған елдің өткенін білу мен оны құрметтеудің маңызын жеткізді. Мұндай тағылымды кездесулер өскелең ұрпақтың тарихи танымын кеңейтіп, елдік сана мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған.Өткенін таныған ұрпақ қана болашағын бағамдай алады. Ал Отанға деген сүйіспеншілік – ел тарихын құрметтеуден, ұлттық құндылықтарды қастерлеуден басталады.