Негізгі Жаңалықтар Тың идея, жаңа бастама

Тың идея, жаңа бастама

Қаламызда жастардың тың идеяларын қолдауға арналған «Pizza Pitch» іс-шарасы өтті. Бұл жолы қатысушылар өз жобаларын таныстырып, оларды дамытуға қажетті қаржылай қолдауға да мүмкіндік алды. Үздік деп танылған үш жоба авторына жалпы сомасы 450 мың теңге болатын сыйақы табысталады. 

Сол жобалардың бірі — жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдаланып, аналардың дауысын түрлі функциялар арқылы жеткізуге бағытталған «Aisha Kids» жобасы. Оның авторы Рүстем Дарушканов идеясын жүзеге асыру жолында алғашқы нәтижелерге қол жеткізген.

Жобаны дамытуда қаржылай қолдаумен қатар, тәжірибе алмасу мен кәсіби пікірдің де маңызы зор. «Pizza Pitch» алаңы қатысушыларға өз идеяларын көпшілікке ұсынып, мамандардан кері байланыс алуға мүмкіндік береді. Мұнда IT саласындағы бастамалармен қатар, бизнес пен кәсіпкерлікке қатысты жобалар да қарастырылады 

Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай кездесулер жастардың технологияға деген қызығушылығын арттырып, жобаларды жаңа деңгейге шығаруға жол ашады. Әсіресе, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану қазіргі бастамалардың басым бағыттарының біріне айналған. 

Жастардың технологияға деген қызығушылығы — өңір дамуының маңызды қозғаушы күші. Ал «Pizza Pitch» секілді бастамалар сол идеялардың жүзеге асуына жол ашады. Бүгін өз жобасын таныстырған жас мамандардың бастамасы ертең нақты нәтижесін беріп, қоғам игілігіне қызмет етуі мүмкін. 


Бөлісу