Тәуелсіз Қазақстанның тарихи белестері
Ел тарихында ерекше орны бар айтулы мереке – Республика күні. Осы мерекеге орай университет қабырғасында тағылымы мол, мазмұнды іс-шара ұйымдастырылды. Басты мақсат – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және Қазақстанның тәуелсіздік жолындағы тарихи белестерін кеңінен насихаттау.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде Қазақстанның тәуелсіздік тарихы, конституциялық даму және өңірдің болашағына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті. Жиында ғалымдар мен қоғам өкілдері елдің тарихи жолын, конституциялық дамуын, қоғамдық диалогты нығайту және халық пікірін ескеру мәселелерін талқылады.
Елдің бүгінгі жетістіктерін бағалау үшін тарихи мұраны зерделеу маңызды. Қостанай өңірінің тарихы көне дәуірден басталып, танымал тұлғалардың өмірімен сабақтасады. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Аманжол Күзембайұлы осы мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті.
Тарихи мұраны дәріптеу конференция соңында өткен кітап тұсаукесерімен жалғасты. Аманжол Күзембайұлының «Алыптар мекені» атты еңбегінде Ыбырай, Шоқан, Міржақып пен Ахмет сынды ұлт қайраткерлерінің мұрасы қамтылған. Ғалымның айтуынша, өскелең ұрпақ ел тарихында із қалдырған тұлғаларды танып өсуі керек.
Жиында тарихи мұрамен қатар, қоғамның бүгінгі дамуына қатысты мәселелер де қозғалды. Әсіресе мемлекет пен азаматтар арасындағы байланысты нығайту, қоғамдық бастамаларды қолдау және халықтың пікірін ескеру мәселелеріне назар аударылды.
Қостанай облысының қалыптасу тарихы мен өңірдің дамуы да сөз болды. Биыл аймақтың құрылғанына 90 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде Қостанай өңірі ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, ғылым мен мәдениет салаларында дамып, ел өмірінде маңызды орынға ие болды.
Республика күніне орай ұйымдастырылған конференция тәуелсіз Қазақстанның тарихи жолын саралап, конституциялық даму мен қоғамдық диалогтың маңызын талқылауға мүмкіндік берді. Ал кітаптың тұсаукесері өңірдің тарихи мұрасын сақтап, көрнекті тұлғалардың есімін кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын тағы бір мәрте көрсетті.