Негізгі Жаңалықтар Қазақстан мен Қытай: мәдени байланыс мығым

Қазақстан мен Қытай: мәдени байланыс мығым

Қазақстан мен Қытайды байланыстыратын - ортақ тарих пен мәдени достық. Арқалық қаласына Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Хань Чуньлин бастаған делегация келді. Сапар барысында қонақтар білім беру саласымен танысып, екі халықтың достығын дәріптейтін мәдени іс-шараға қатысты. Бағдарламаның негізгі бағыттарының бірі — қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен қытай музыканты Сянь Синхайдың тарихи достығын ұлықтау болды.Делегациялар кездесуі Бақытжан Байқадамов атындағы жалпы білім беретін мектепке барудан басталды. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловпен бірге келген қытайлық қонақтар оқу кабинеттерін аралап, мектептің материалдық-техникалық жабдықталуымен танысты. Сондай-ақ сабаққа қатысып, оқушылардың білім алу жағдайын көрді. Бұл мектептің таңдалуы кездейсоқ емес. Бақытжан Байқадамовтың есімі Қазақстан мен Қытай арасындағы достық тарихымен тығыз байланысты.Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Алматыда қазақ композиторы Бақытжан Байқадамов пен қытай музыканты Сянь Синхай кездеседі. Қиын-қыстау кезеңде екі өнер иесін музыкаға деген сүйіспеншілік, өзара құрмет пен адамдық қолдау жақындастырды. Осы тарихи оқиғаға негізделген «Композитор» көркем фильмі Арқалық қаласындағы Мәдениет сарайында көрсетілді.Фильмде туған жерінен жырақта жүрген адамның тағдыры мен екі музыканттың достығы баяндалады. Туынды арқылы өнердің шекараға бағынбайтыны, ал адамдық қолдау мен өзара түсіністіктің кез келген кезеңде маңызды екені көрініс табады. Көрсетілімнен кейін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов пен Қытай делегациясының өкілдері сөз сөйлеп, тарихи жадыны сақтау, мәдени байланыстарды дамыту және екі ел арасындағы достықты нығайтудың маңызына тоқталды.Сянь Синхайдың есімі Қостанай өңірінің мәдени тарихымен тығыз байланысты. Ол облыстық филармонияның қалыптасуына елеулі үлес қосты. Сондай-ақ халық батыры Амангелді Имановтың ерлік жолына арналған «Амангелді батыр» симфониялық шығармасын дүниеге әкелді. Арада жылдар өтсе де, композитордың бұл туындысы бүгін қайта жаңғырып, сахна төріне оралды. Уақыт өткенмен, өнердің ғұмыры мәңгі. Тарихпен үндескен әуен бүгінгі ұрпаққа қайта жол тартты.Мәдени бағдарлама «Музыкамен үндескен достық» атты концертпен жалғасты. Сахнада Қазақстан мен Қытайдың музыкалық дәстүрлері тоғысып, екі елдің өнері мен мәдени мұрасы таныстырылды. Концерт тарихи кездесудің мазмұнын толықтырып, Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхайдың достығын тағы бір мәрте еске салды. Өнер арқылы жалғасқан бұл байланыс екі халық арасындағы мәдени үндестіктің көрінісіне айналды.Арқалықтағы кездесу Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени байланыстың маңызын тағы бір мәрте көрсетті. Мектепке бару, тарихи фильмді тамашалау және концертке қатысу — бір күндік сапар бағдарламасының негізгі бөліктері. Ал Бақытжан Байқадамов пен Сянь Синхайдың достығы екі халықты өнер мен ортақ тарих арқылы жақындастырған өнегелі оқиға ретінде есте қалды.

Бөлісу