Негізгі Жаңалықтар Елдіктің еңселі мерекесі

Елдіктің еңселі мерекесі

Республика күні - елдіктің еңсесін көтеріп, тәуелсіздіктің қадірін ұғындыратын айтулы мереке. Қостанайдағы мерекелік кеште патриоттық рух пен өнер үндесіп, сахна төрінде туған жерге деген сүйіспеншілік ән мен би арқылы өрнектелді. Ал заманауи технологиямен басталған концерт мазмұны ел дамуының жаңа мүмкіндіктері мен ұлттық құндылықтардың сабақтастығын айшықтағандай. 

Жасанды интеллект арқылы жаңаша сипат алған Қостанай бейнесі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Дәл осы бейнероликпен Республика күніне арналған мерекелік концерт шымылдығы түрілді. Салтанатты кештің жалғасында сахнаға қала әкімі шығып, жиналған қауымды ұлттық мерекемен құттықтады.

Мерекелік іс-шара барысында қала әкімі Қостанайдың өсіп-өркендеуіне, әлеуметтік-экономикалық дамуына және қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан азаматтарды марапаттады. Бұл - туған қаланың гүлденуі жолында еңбек етіп жүрген жандарға көрсетілген құрмет пен еңбегіне берілген лайықты баға.

Қала әкімінің қолынан марапат алған жандардың бірі Ажар Ермағанбетова. 17 жыл қатарынан алдымен Қостанай ауданының, бертін келе облыс орталығының мәдениетіне үлес қосып келеді. Дәстүрлі әндер орындаушысының бүгін көңіл күйі ерекше көтеріңкі. 

Кеш бұдан әрі концерттік бағдарламамен жалғасты. Сахнада өнер көрсеткен бишілер ұлттық нақыштағы қимылдарымен көрерменді тәнті етсе, әуелете шырқалған әндер мереке сәнін келтірді. Өнерпаздар тартуы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлап, Республика күніне арналған концерттің мазмұнын аша түсті.


Бөлісу