Ж. Жүсіпбектің жыр жинағы жарық көрді
Өлең – жүректегі сезімнің, көңілдегі ойдың көрінісі. Ал сол сезімді сұлу сөзбен өрнектеп, оқырманға жеткізу – ақын еншісіндегі өнер. Қостанайда жас қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жандос Жүсіпбектің «Жан-сезім» атты алғашқы жыр жинағының тұсаукесері өтті. Кеште ақын шығармашылығы әңгіме арқауы болып, тұңғыш туындылар топтамасы оқырманға таныстырылды.
Жандос Жүсіпбектің алғашқы жыр жинағы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жарық көрген. Кітапқа ақынның студенттік кезінен бастап жазған өлеңдері енген. Онда туған жер, махаббат, өмір мен адам сезімі секілді тақырыптар қамтылған. Автордың айтуынша, жинақты әзірлеу барысында өлеңдерді іріктеп, кітаптың мазмұнына сай атау таңдау оңай болмаған. Ал «Жан-сезім» атауы ақын үшін ерекше мағынаға ие.
Ақынның шығармашылық болмысы студент кезінен-ақ байқалған. Университет қабырғасында оның жазу мәнері мен тапсырмаларға өзіндік көзқарасы оқытушыларының назарын аударыпты. Бүгінде журналистика саласында еңбек етіп жүрген Жандос Жүсіпбек поэзиядағы ізденісін жалғастырып келеді. Ұстаздары шәкіртінің алғашқы жыр жинағының жарық көруін көп жылғы еңбектің жемісі деп бағалайды.
Ал, аға буын өкілдері Жандос Жүсіпбектің ақындық қарымын жоғары бағалайды. Олардың айтуынша, қаламгердің шығармашылығы терең ойымен, сөзді талғап қолдануымен ерекшеленеді. Дегенмен де, қаламдастары оның шығармашылық бағытына кішкене өзгеріс берсе, ерекше болады деп түсінеді.
Жаңа жинақтың тұсаукесері жас оқырмандар үшін де тағылымды кездесу болды. Студенттер замандас ақынның шығармашылығымен жақынырақ танысып, әдебиетке деген қызығушылығын арттыруға мүмкіндік алды.
Әр өлеңнің өз тарихы, әр шумақтың өз сезімі бар. «Жан-сезім» жинағына енген жырлар да ақынның жан дүниесінен сыр шертіп, оқырманды өз ойымен оңаша қалдырады. Бір өлеңі сағынышты оятса, бірі жүрек тереңінде жатқан сезім қылын тербейді. Ақынның ең алғашқы кітабы осылайша жаңа шығармашылық белестің бастауына айналды.