Негізгі Жаңалықтар Күмәнді ұсыныс алаяқтыққа алып барады

Күмәнді ұсыныс алаяқтыққа алып барады

Өзгенің ақшасын заңсыз айналымға өткізуге көмектескендер де - қылмысқа қатысушы. Дропперлер банк шоттарын алаяқтарға беріп, ұрланған қаражатты аударуға және ізін жасыруға көмектеседі. Соның салдарынан жәбірленушілер ақшасынан айырылады, ал қылмыскерлердің әрекеті жалғасады. Оңай табысқа қызығып, өзгенің мүлкіне қол сұғуға жол ашқандар заң алдында жауап береді. Әріптесім Асылан Ермекбай толығырақ тарқатады. 

33 жастағы Қостанай тұрғыны жұмыс іздеп жүріп, дропперлік іске тартылған. Декреттік демалыста отырған әйел әлеуметтік желідегі үйде отырып ақша табуға болады деген жарнамаға сенген. Кейін WhatsApp арқылы Гауһар есімді қызбен байланысып, банк шоттарын пайдалануға берген. Әр аударым үшін түскен қаражаттың бір пайызын алып отырған.

Алайда заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Тергеу дерегіне сәйкес, әйелдің банк шоттары арқылы небәрі үш күнде 9 миллион теңге аударылған. Сот шешімімен әйелге бір жыл мерзімінде бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, пробациялық бақылау белгіленген. Ал дропперлік әрекет үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. 

Сондықтан мамандар жеке деректерді, әсіресе банк шоттары туралы мәліметтерді бөгде адамдарға бермеуге кеңес береді. Өйткені банк шотын өзге адамның пайдалануына беру заң алдында жауап беруге де әкелуі бек мүмкін. 


Бөлісу