Білім берудегі цифрлық мүмкіндіктер
Сабаққа дайындалу, түсініксіз тақырыпты меңгеру немесе тапсырманың жауабын іздеу. Қазір оқушылар мұндай кезде жасанды интеллектінің көмегіне жиі жүгінеді. Ал мұғалімдер бұл технологияны сабақ барысында қалай пайдаланып жүр? Мектептерде жасанды интеллектіні қолдануға қатысты жаңа стандарт бекітілді.
Бүгінде нейрожелілер мұғалімдер үшін де, оқушылар үшін де қолжетімді көмекшіге айналып келеді. Бірі сабаққа қажетті материал әзірлесе, енді бірі күрделі тапсырманың шешімін іздейді. Бастауыш сынып мұғалімі Жаңылдық Қадырбаева да нейрожелілерді күнделікті жұмысында қолданады. Оның айтуынша, бұл технология сабақ мазмұнын байытып, оқушылардың қызығушылығын оятуға көмектеседі.
Цифрлық құралдардың мүмкіндігі мол болғанымен, оны кез келген жағдайда пайдалана беру дұрыс емес. Әсіресе, оқушы дайын жауапты көшіріп қана қоймай, тапсырманың мәнін түсініп, өз бетінше шешім қабылдауға дағдылануы қажет.
Ендігі міндет — оқушының білімін тек бағамен өлшемей, тақырыпты меңгеру деңгейі мен өз бетінше жұмыс істеу қабілетіне де мән беру. Өйткені жоғары нәтиже көрсету үшін бағаға ұмтылумен қатар, білімді терең түсіну де маңызды.