Қыран елім – Қазақстан
Отанға деген сүйіспеншілікті сөзбен емес, жырмен жеткізген жастар. Республика күні қарсаңында Қостанайда патриоттық челлендж басталды. Іс-шараның мақсаты қазақ поэзиясын дәріптеп, елге деген құрметті өлең арқылы жеткізу. Қатысушылар отаншылдық рухтағы шығармаларды жатқа оқып, әлеуметтік желіде жариялап жатыр. Әр өлеңде туған жерге деген сағыныш, елге деген мақтаныш сезіледі.
Қазақ поэзиясындағы туған жер мен елге деген терең сүйіспеншілікті жырлаған ең әсерлі өлеңді айтып берген бұл бойжеткеннің есімі Жұлдызай. Мұзбалақ ақын Мұқағалидың лирикасына қызығатын ол республика күніне орайластырылған челленджге әдеттен таймай, «Отан туралы» туындысын таңдаған.
Челленджге қатысқандардың тағы бірі Ерлан Хамит. Кітапхана қызметкері болып жұмысқа тұрғанына бірнеше ай ғана уақыт өткен. Бұл - үлес қосып отырған бірінші іс-шарасы. Айтуынша, осы науқан басталғалы кітапханаға келушілер саны көбейіп, қызығушылық артқан. Ал өзі Торғайлық Сырбай Мәуленовтың туындысын таңдаған.
Челленджге қатысам деушілерге шектеу жоқ. Бастысы, патриоттық өлеңдерді жатқа, айтып, қажетті хештегтермен әлеуметтік желіге салса жеткілікті.
Республика күні елдіктің еңсесін көтеріп, ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын мереке. Ал поэзия сол сезімді жеткізудің ерекше жолы. Эстафетаға қатысушылардың әрқайсысы таңдаған өлеңі арқылы Отанға деген ықыласын білдіріп, мерекенің мәнін тереңдете түсті. Ұйымдастырушылар мұндай бастама жастардың әдебиетке қызығушылығын арттырып, патриоттық сезімін нығайтады деп сенеді.