Күлдіре білу – өнер...
Қалжың арқылы қоғамдағы мәселелерді көтеріп, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлау — жайдарманшылардың басты мақсаты. Қостанайда облыстық суперлиганың жартылай финалы өтті. Сахнада жеті команда бақ сынап, олардың үшеуі тікелей финалға жолдама алу үшін өнер көрсетті. Ал қатысушылар үшін бұл кезең - сахналық шеберлік пен тапқырлықты сынайтын маңызды белес.
Байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы сында командалар Республика күніне арналған сәлемдесу арқылы өз ойларын әзілмен жеткізді. Одан кейін әуенді жамбату, қысқа әзілдерімен көрермен көңілінен шығуға тырысты. Ал дубляж кезеңінде қатысушылар өздері таңдаған бейнероликтерге күлкілі дауыс беріп, шығармашылық қабілеттерін көрсетті.
Жарысқа қатысқан командалардың әрқайсысының өзіндік тарихы бар. Солардың бірі - «Бір үйдің балалары» командасы. Құраманың мүшелері Қызылорда облысынан шыққан. 2022 жылы Қостанай облысына қоныс аударған отбасы жаңа ортада да сүйікті өнерлерін жалғастырып, сахнада өз орындарын қалыптастыруға кіріскен.
Шешуші ойын 20 қарашаға жоспарланған. Оған дейін қатысушылар өнерлерін шыңдап, жаңа әзілдер әзірлеуге мүмкіндік алады. Өйткені жайдарманда жеңіс тек күлкі сыйлаумен өлшенбейді. Ол — ой ұшқырлығының, ізденістің және сахнадағы сенімділіктің нәтижесі.