Негізгі Жаңалықтар Құқықтық Қазақстан құруға үлес қосқандарға құрмет көрсетілді

Құқықтық Қазақстан құруға үлес қосқандарға құрмет көрсетілді

«Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» дейді халқымыз. Әділдік – елдіктің тірегі, ал заң үстемдігі – тәуелсіздіктің берік негізі. Республика күні қарсаңында Қостанай облысы Әділет департаментінде сала ардагерлері мен бүгінгі мамандар бас қосып, құқықтық жүйенің қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан азаматтарға құрмет көрсетті. Тәуелсіздік жылдарында әділет саласы қалай өзгерді? 

Рахымбай Хамитұлының құқық саласындағы еңбек жолы жарты ғасырға жуық уақытты қамтиды. Ол 1975 жылы Свердлов заң институтын тәмамдап, еңбек жолын прокурордың көмекшісі ретінде бастаған. Кейін судья қызметін атқарып, сот саласында 37 жыл еңбек етті. Ал 1997-1999 жылдары Қостанай облысы Әділет басқармасын басқарды. Сала ардагері тәуелсіздік жылдарында әділет органдарының жұмысы айтарлықтай өзгергенін айтады. 

Тәуелсіздік жылдары Қазақстанның құқықтық жүйесі қалыптасып, ұлттық заңнаманың негізі қаланды. Бұл үдеріске отандық заңгерлер де белсенді атсалысты. Солардың бірі – Сергей Жалыбин. Ол елдің заңнамалық жүйесінің қалыптасу кезеңіне куә болып, тәуелсіз мемлекеттің құқықтық негізін дамытуға үлес қосты.

Уақыт талабына сай әділет органдарының жұмысы да жаңарып келеді. Бүгінде азаматтарға құқықтық көмек көрсету, мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін арттыру және цифрлық 

технологияларды енгізу бағытында жұмыстар жүргізілуде. Қостанай облысы Әділет департаменті де осы бағыттар бойынша қызмет көрсетіп, тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға басымдық беріп отыр.

Салтанатты жиында әділет саласында жемісті еңбек етіп жүрген қызметкерлер марапатталды. Сонымен қатар құқық саласының дамуына үлес қосып жүрген әулеттерге құрмет көрсетілді. Бұл – адал еңбекті бағалап, кәсіби дәстүр мен ұрпақтар сабақтастығын дәріптеудің көрінісі.

Республика күні – ел тарихын ұлықтап, тәуелсіздіктің қадірін түсінуге үндейтін мереке. Ал заң үстемдігін қамтамасыз ету жолында еңбек етіп жүрген әр маманның үлесі – мемлекет дамуының маңызды бөлігі. Осылайша, сала ардагерлерінің мол тәжірибесі мен бүгінгі мамандардың еңбегі жүйенің дамуына жол ашып, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып келеді.


Бөлісу