Спорт ардагеріне құрмет – жеңіске жігер
Тобыл қаласында спорт ардагері Өтебек Бекбосыновтың жүлдесіне арналған еркін күрестен республикалық турнир өтті. Биыл он үшінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі жарысқа 19 командадан 314 спортшы қатысты. Қазақстандық балуандармен қатар Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан елінің өкілдері де бозкілемге шықты. Екі күндік бәсекеде спортшылар өзара мықтыны анықтап, тәжірибе алмасты.
Бұл жарыстың орны бөлек. Өйткені оның астарында спорттық бәсекемен қатар, бапкер еңбегіне деген құрмет жатыр. Өтебек Мырзахметұлы саналы ғұмырын балуандарды даярлауға арнап, талай шәкірттің спорт жолында қалыптасуына ықпал еткен. Бүгінде сол шәкірттері ұстазына құрмет көрсетіп, оның өнегелі жолын кейінгі буынға насихаттап келеді.
Бозкілемдегі бәсеке халықаралық спорттық байланысты нығайтуға да жол ашты. Беларусь елінен келген бапкерлер құрамын әйелдер күресінен танымал спортшы, Олимпиада жүлдегері Мария Мамошук бастап келді. Бүгінде ол бапкер ретінде жас буынның шеберлігін шыңдап, ірі жарыстарға дайындап жүр.
Әр белдесу спортшылардың дайындығын, тактикалық шешім қабылдау қабілетін де сынады.
Күресте алдын ала жасалған болжам әрдайым ақтала бермейді. Бір сәттік қателік кездесудің нәтижесін өзгертуі мүмкін. Қырғызстандық жаттықтырушылардың айтуынша, осындай тартысты жарыстар балуандарға психологиялық тұрғыдан шыңдалып, ұлттық біріншіліктерге тыңғылықты дайындалуға көмектеседі.
Қазақстандық жаттықтырушылар да өңірлерде әйелдер күресінің дамуына ерекше назар аударып отыр. Жас спортшылардың республикалық және халықаралық ареналарда нәтижеге қол жеткізуі – жүйелі дайындықтың жемісі. Турнирде Қостанай өңіріндегі балуандардың әлеуеті де байқалды.
57 келі салмақ дәрежесінде Маргарита Данилевич топ жарды. Ол турнирдің финалдық кезеңінде қарсыластарынан басым түсіп, жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Нәтижесінде осы салмақ дәрежесіндегі алтын медаль Беларусь құрамасының қоржынына түсті.
Осылайша, спортшылардың жеңіске деген жігері мен ұстазға деген құрметі турнирдің мәнін айқындады. Өйткені үлкен спорттың артында үздіксіз еңбек, табандылық пен шәкіртке жол көрсеткен бапкердің маңдай тері жатыр. Өтебек Бекбосыновтың есімімен байланысты жарыс осы құндылықтарды ұлықтап, жас буынға үлгі боларлық дәстүрге айналып келеді.