Негізгі Жаңалықтар Қостанайлық оқушы халықаралық додада топ жарды

Қостанайлық оқушы халықаралық додада топ жарды

Қостанайлық оқушы халықаралық география олимпиадасында алтын медаль иеленді. Андрей Енбахтов Стамбұлда өткен 22-ші Халықаралық география олимпиадасында топ жарып, ел қоржынына кезекті жүлдені салды. Жас географ бұған дейін де халықаралық додаларда үздік нәтиже көрсетіп жүрген. 

Қостанайлық NIS оқушысы Андрей Енбахтов үшін бұл – халықаралық аренадағы үлкен жетістік. Стамбұлда өткен 22-ші Халықаралық география олимпиадасында ол алтын медаль иеленіп, әлемнің үздік жас географтарының қатарынан көрінді. Андрейдің бұл нәтижесі кездейсоқ емес. Ол екінші жыл қатарынан iGeo додасында алтын жүлдеге қол жеткізіп отыр. Былтыр Бангкокта өткен халықаралық олимпиадада да топ жарып, жеңіс тұғырынан көрінген еді. Сонымен қатар жас географтың халықаралық жетістіктерінің қатарында Еуропалық география олимпиадасының алтын медалі де бар. Биыл Болгарияда өткен EGeO-2026 сайысында Андрей тағы да үздік атанып, кезекті алтын медальді иеленді. Беделді додаға әлемнің 50-ден астам елінен 200-ге жуық дарынды оқушы қатысты. Осындай ауқымды бәсекеде Қазақстан намысын қорғаған Андрей жоғары нәтиже көрсетіп, ел абыройын асқақтатты. Жас географтың бұл жетістігінің артында жүйелі дайындық пен ұстаздарының еңбегі тұр. Халықаралық додаларда шыңдалған Андрей енді жаңа белестерді бағындыруды көздейді. 


Бөлісу

Аймақтық телеарналар