Жангелдин ауданында қауіпсіздік
Жангелдин ауданында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында 72 бейнебақылау камерасы орнатылды. Заманауи құрылғылар адам көп шоғырланатын және қоғамдық маңызы бар аумақтарға орналастырылған. Жаңа бейнебақылау жүйесі құқық қорғау органдарына аудан аумағындағы жағдайды жедел бақылауға, сондай-ақ заң бұзушылықтарға дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.
— Заманауи бейнебақылау құралдарын іске қосу «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жүзеге асырылды. Бұл аудан аумағындағы қауіпсіздік деңгейін арттырып, құқық бұзушылықтың алдын алуға қосымша мүмкіндік береді. Бейнебақылау камераларын орнатуға қажетті қаражат Қостанай облысы Полиция департаменті тарапынан бөлінді, — дейді Жангелдин ауданы полиция бөлімі бастығының орынбасары Ермек Оразбаев.
Жаңа жүйе қоғамдық тәртіпті бақылауды күшейтіп қана қоймай, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық шаралардың тиімділігін арттырмақ.
- Б. НҰРМҰХАНОВ