Дархан даланың дүбірлі думаны
Міржақып Дулатұлының ғазиз жаны мәңгілікке аялдаған Бидайық ауылы 45 жылдық мерейтойын атап өтті. Мерекелік іс-шара барысында ұлттық спортты ұлықтаған балуандар белдесіп, жүйріктер бәйгеге қосылды. Ауылдың айтулы тойын осы елден түлеп ұшқан азаматтар ұйымдастырған.
Іс-шара алдымен Алаш ардақтысы Міржақып Дулатұлының рухына Құран бағыштаудан басталды. Одан әрі мерекелік бағдарламаға ұласып түрлі мазмұнда жалғасты. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары іргетасы қаланған Бидайық ауылының жері құнарлы, топырағы дихандар үшін қолайлы.
Игі іске ел ақсақалдары бастамашыл болған. Жас буын аталы сөзді мақұлдап тойға мұрындық болуға асыққан. Ұйымдастырушылардың айтуынша, дүбірлі думанға 2-3 ай көлемінде дайындалған. Негізгі мақсат - ұрпақ сабақтастығын жалғап, ауылдың қасиетін ұмыттырмау.