Қазақстанда босқын мәртебесі беріледі
Бұл мәртебе өз елінің қорғауын пайдалана алмайтын шетел азаматтарына немесе тұрақты тұратын еліне қайтып орала алмайтын азаматтығы жоқ адамдарға беріледі. Босқын мәртебесін беру процесі ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі №118 бұйрығы негізінде арнайы Қағидалармен реттеледі.
ҚР-нан пана іздеген адам елге келген күннен бастап немесе қудалау құрбаны болу қаупі төнгенін білген сәттен бастап 5 күнтізбелік күн ішінде жазбаша өтінішхат тапсыруы тиіс. Өтініш жергілікті атқарушы органдардың халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі бөлімдеріне жеке өзі немесе уәкілетті өкілі арқылы беріледі. Өтінішхатқа келесі талаптар қойылады. Өтініш берушінің жеке басын куәландыратын немесе растайтын құжаттар қоса беріледі. Құжат қазақ немесе орыс тілінде толтырылуы тиіс. Егер азамат тілді білмесе, өтінішхат аудармашы тарапынан өтініш берушінің сөзінен толтырылады. Бұл жағдайда өтініш иесі аударма сапасына қанағаттанғаны туралы жазбаша растау береді. Өтінішхат тіркелген күні пана іздеген адамға «Пана іздеген адамның куәлігі» беріледі және ол шешім қабылданғанға дейін арнайы есепке қойылады.