ХХІІ халықаралық «Алтын микрофон» байқауы басталады
13–15 тамыз аралығында Қостанай облысының брендіне айналған жас әншілер байқауының финалы өтеді. Биыл байқауға 120-дан астам жас вокалист қатысып, облыстық кезеңге 36 өнерпаз жолдама алған.
Халықаралық онлайн іріктеуге 103 өтінім түсіп, қазылар алқасы 50 қатысушыны таңдады. Байқауға Қазақстанмен қатар Болгария, Украина, Армения, Қырғызстан және Өзбекстаннан жас әншілер қатысады. Финалдық кезеңде 68 вокалист өнер көрсетеді. Оның 42-сі – Қазақстанның әр өңірінен келген қатысушылар. Қостанай облысының намысын әр жас санатында 17 өнерпаз қорғайды. Бірінші тур 13- тамыз, сағат 10:00, «Iqostanay» смарт-орталығының концерт залында, екінші тур 14- тамыз, сағат 10:00, сол жерде өтеді. Тамыздың 15 күні сағат 18:30-да облыс әкімдігі алаңында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі мен гала-концерт ұйымдастырылады. Лауреаттар мен дипломанттарға дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады. Ал Гран-при иегеріне Қостанай облысы әкімінің арнайы сыйлығы беріледі. Байқау жеңімпаздары бір жыл бойы Қазақстанда, Ресейде, Беларусьте, Болгарияда және басқа да Еуропа мен Азия елдерінде өтетін халықаралық байқауларға қатысу мүмкіндігіне ие болады.