Жазғы демалыс басталысымен өзен-көл жағасына ағылатындардың саны артады. Ал қауіпсіздік ережелерін ерте жастан үйрету - қайғылы жағдайлардың алдын алудың тиімді жолдарының бірі. Осы мақсатта Қостанайдағы қалалық жағажайда «Қауіпсіз жаз – қауіпсіз су» атты іс-шара ұйымдастырылды.

Жаз мезгілі демалыс пен қызыққа толы шақ. Алайда аптап ыстық басталысымен су айдындарында болатын жазатайым оқиғалардың қаупі де артады. Осындай келеңсіз жағдайлардың алдын алып, қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылған шараға жазғы лагерьлерде демалып жүрген балалар қатысып, құтқарушылардың күнделікті қызметімен және суда өзін-өзі ұстаудың негізгі қағидаларымен танысты.

Іс-шарада қатысушылар құтқару техникасы мен арнайы құрал-жабдықтардың көрмесін тамашалап, суға батқан адамды құтқару тәсілдері мен алғашқы медициналық көмек көрсету жолдарын көрді. Мамандар мұндай шаралар өскелең ұрпақтың төтенше жағдайларда дұрыс әрекет ету дағдыларын қалыптастыруға ықпал ететінін айтады.

Мамандар қалалық жағажайда жүздеген белгі орнатқан. Шомылу кезінде одан асып кетуге болмайды. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін сүңгуірлер тобы да бұл жерде кезекшілік етеді.  

: Жазғы демалыс қызықты әрі қауіпсіз өтуі үшін қарапайым ережелерді сақтау жеткілікті. Мамандардың айтуынша, суға тек рұқсат етілген орындарда шомылып, балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау қайғылы жағдайлардың алдын алудың басты жолы. Ал осындай тәжірибелік шаралар балалардың қауіпсіздік туралы білімін арттырып қана қоймай, төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет етуге үйретеді.