Болашаққа нық қадам. Зұлқарнай Алдамжар атындағы Қостанай әлеуметтік-техникалық университеті түлектеріне салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті. Биыл жүзден астам студент бакалавр дәрежесін алып, оқу үздіктері арнайы марапаттарға ие болды. 

Бұл – түлектер үшін ерекше әрі ұмытылмас күн. Сәнді киініп, көтеріңкі көңіл күймен жиналған жастар студенттік өмірмен қоштасып, жаңа белеске аяқ басты. Бірі қуанышқа бөленсе, енді бірі алдағы жауапты өмірге алаңдайды. Дегенмен барлығы да білімнің арқасында өз армандарына бір қадам жақындағандарын жақсы түсінеді. Салтанатты жиында оқу барысында үздік нәтиже көрсеткен студенттерге Құрмет грамоталары табысталды. Бұл - олардың бірнеше жыл бойы жасаған еңбегі мен табандылығының жемісі.

Биыл аталмыш университетті жүзден астам жас маман тәмамдады. Олардың тізімінде заңгерлер, педагогтер, тарихшылар, экономистер және техникалық бағыттағы мамандар бар. Қазіргі таңда бұл оқу орнында 30 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылады. Оның ішінде: педагогика, көлік, экономика, құқық және өзге де сұранысқа ие мамандықтар бойынша кәсіби кадрлар даярланады. 

Үздік диплом иегерінің бірі Әсем Бисембаева. Ол бұған дейін психолог мамандығын меңгерген. Қазіргі уақытта құқық қорғау саласында еңбек етіп келеді. Қызметтік тұрғыда өсу мақсатында заңгер мамандығын таңдаған. Ол бүгін екінші жоғары білімін тәмәмдағанын растайтын дипломға қол жеткізді. 

35 жылдан астам тарихы бар ҚӘТУ осы уақытқа дейін мыңдаған білікті маман даярлады. Бүгінде оқу орны өңірдегі өндіріс орындары мен кәсіпорындарды, білім беру және құқық қорғау салаларын кәсіби кадрлармен қамтамасыз етіп келеді. Биылғы түлектер де ел экономикасының дамуына өз үлестерін қосуға дайын. Енді олардың әрқайсысы алған білімін тәжірибемен ұштастырып, таңдаған мамандығы бойынша еңбек етіп, табысты мансап құруға қадам басады.