Лисаков қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының алғашқы жартыжылдығы қорытындыланды. Шаһарда жаңа өндіріс орындары ашылып, инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғырту мен абаттандыру жұмыстары қарқын алған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте моноқала басшысы мәлім етті.
Лисаков қаласы экономикасының негізгі тірегі – өнеркәсіп саласы. Биылғы бес айда өндірілген өнім көлемі 42 миллиард теңгеден асып, өткен жылмен салыстырғанда шамамен 13 пайызға артқан. Сонымен қатар қалада инвесторлар тарту мен жаңа өндіріс орындарын ашу бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.Сонымен қатар, биыл қалада жылу, су және кәріз желілерін жаңғыртуға бағытталған алты жоба іске асырылуда. Бұл мақсатқа шамамен 3 миллиард теңге бөлінген.
Қала келбетін жақсарту бағытындағы жұмыстар да назардан тыс қалмады. Биыл балалар алаңдарын орнату, қала инфрақұрылымын дамыту көзделіп отыр. Сондай-ақ «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Көктемнен бері қалада 1700 көшет отырғызылған. Жергілікті билік әлеуметтік-экономикалық жобаларды іске асыру арқылы өңірдің дамуын одан әрі жалғастырады.