Биыл Тобыл-Торғай төсіндегі тұңғыш телеарна «Қостанай» үшін ерекше мерейлі жыл. Өңірдің ақпарат кеңістігінде үздіксіз қызмет етіп келе жатқан арнаның құрылғанына 35 жыл толып отыр. Осы айтулы дата бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесімен тұспа-тұс кеп, қос қуанышқа ұласты. Мерейі асқақ мерекелік іс-шараға ақпарат саласының ардагерлері, журналистер, телеарна қызметкерлері, сондай-ақ өңірдің түрлі салаларындағы серіктес мекемелердің басшылары қатысты.

Салтанатты жиында журналист мамандығының қоғамдағы орны, сапалы ақпараттың маңызы және өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының даму бағыттары кеңінен сөз болды. Жиын барысында облыс әкімінің орынбасары ақпарат саласы өкілдерін кәсіби мерекемен құттықтап, жылы лебізін жеткізді. Мерекелік іс-шарадағы ең ерекше сый – ағайынды Айтқожиновтардың телеарна ұжымына автокөлік тарту етуі болды. Бұл серіктестердің бір-бірін тек рухани тұрғыда ғана емес, материалдық тұрғыда да қолдауының жарқын көрінісі. Телеарнаның, жалпы қандай да ақпарат құралының жұмысында жеделдік үшін тақымына басқан көлігіңнің сайлы болуы аса маңызды. Автокөлік кілті облыстық «QOSTANAI» арнасының директоры Заңғар Санайға салтанатты түрде табыс етілді. Бүгінде Қостанай телеарнасы өңір өмірінің барлық саласын қамтып, халық пен билік арасындағы маңызды ақпараттық көпірге айналды. Арнаның «Дарын» жобасы дарынды оқушылар мен ұстаздардың жетістіктерін насихаттаса, «36,6» бағдарламасы тұрғындардың денсаулық мәдениетін қалыптастыруға үлес қосып келеді. Ал «Время говорить» жобасы мемлекеттік тілді меңгерудің маңызын кеңінен насихаттап, көрермен ықыласына бөленді.

35 жылдық тарихында Қостанай телеарнасы талай өзгерістер мен жаңғыру кезеңдерін бастан өткерді. Алайда уақыт сынынан өткен басты құндылық өзгерген жоқ. Ол – көрермен сенімі. Мыңдаған тағдырдың, миллиондаған ақпараттың және сансыз тарихи оқиғалардың куәсі болған арна алдағы уақытта да өңір тынысын халыққа шынайы, сапалы әрі жедел жеткізе бермек. Осылайша Қостанай телеарнасының 35 жылдық меретойына және Журналистер күніне арналған мерекелік кеш шығармашылық ұжымның жетістіктерін қорытындылаған тек тағылымды басқосу ғана емес, жаңа белестерге бастайтын жарқын мереке ретінде ел есінде қаларына еш талас жоқ. қалды.