Қостанай облысында ауа райы бірде аптап ыстыққа ұласып, бірде нөсер жаңбырмен алмасып жатыр. Мамандардың айтуынша, мұндай құбылмалы климаттық жағдай кенелердің тіршілік етуіне қолайлы орта қалыптастырады. Соңғы апталарда өңірде күн райы жиі құбылып тұр. Кей күндері ауа температурасы 35 градусқа дейін көтерілсе, артынша жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Табиғаттағы мұндай өзгерістер адамдарға ғана емес, жәндіктер әлеміне де әсер етеді.Биыл облыста жауын-шашын мен найзағайлы күндер жиілеген.
Мамандар алдағы уақытта да жаңбырлы күндер сақталып, шілдеде аптап ыстық болуы мүмкін екенін айтады. Мұндай ауа райы кенелердің белсенділігін арттырып отыр. Жыл басынан бері кене шаққаннан кейін медициналық көмекке жүгінгендердің саны үш жүзден асқан.Мамандар табиғат аясына шыққанда сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес береді. Ашық түсті және жабық киім киіп, қорғаныш құралдарын қолданған жөн. Сырттан келгеннен кейін киім мен денені мұқият тексеру қажет. Егер денеден кене табылса, оны өз бетіңізше алуға тырыспай, дәрігер көмегіне жүгінген дұрыс.