Облыс әкімі жұмыс сапарымен Ұзынкөл ауданында болып, бірқатар әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты. Осы ретте жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысын қарап, құрылыс және жөндеу жұмыстарының сапасына назар аударды. Сонымен қатар аудан тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдап, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған игі бастамалардың орындалуын бақылауға алды.
Жұмыс сапары Миролюбов ауылынан басталды. Облыс басшысы алдымен «Восход» өндірістік кооперативі жүзеге асырып жатқан демалыс саябағының құрылыс барысын көрді. Жоба құны – 60 млн теңге. Жалпы аумағы – 15 000 шаршы метр. Жоба шеңберінде волейбол, баскетбол, шағын футбол және балалар ойын алаңы салынады. Серуендеу жолақтары мен демалыс аймақтары да болады. Ол ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және елді мекеннің көркін арттыруға бағытталған.
Сапар барысында өңір басшысына «Жалғызкөл» демалыс аймағының құрылысы да таныстырылды. Бұл жоба ауыл тұрғындары мен қонақтарының демалуына қолайлы жағдай жасауға бағытталған. Нысан өңірдегі туризмді дамытуға да серпін бермек. Өңір әкімі демалыс аймағын қарап болған соң Ершов ауылындағы «Таза Қазақстан» бағдарламасының белсенді қатысушылары Горбатенковтар отбасына арнайы барып, олардың қоғамдық жұмыстарға қосып жүрген үлесін жоғары бағалады. Отбасы ауылдың тазалығы мен көркеюіне бағытталған шараларға тұрақты түрде қатысып келеді. Одан кейін облыс әкімі Ершов ауылындағы ЖШС-нің өндірістік алқаптарымен танысты.
Шаруашылықтың негізгі бағыты – өсімдік шаруашылығы. Жалпы ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі 11 мың 372 гектар. Оның ішінде 10 мың 877 гектары – егістік жер, 632 гектары – жайылым. Егістікке гектарына 70 килограмм мөлшерінде аммиак селитрасы енгізілді. Біздің басты мақсатымыз – заманауи агротехнологияларды пайдалана отырып, өнімділікті арттыру, еңбеккерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту және ауылдың тұрақты дамуына үлес қосу, – дегенді жеткізді ЖШС директорының орынбасары.