Қостанай облысында азық-түлік өнімдерінің қауіпсіздігіне жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар заңбұзушылық анықталды. Жыл басынан бері сауда орындарынан алынған өнім үлгілерінің шамамен бестен бірі техникалық регламент талаптарына сәйкес келмеген.
Биыл облыстағы 153 сауда нысанынан 798 өнім үлгісі зертханалық тексеруден өтті. Оның 149-ы немесе 19 пайызы қолданыстағы талаптарға сәйкес келмеген. Заңбұзушылықтардың басым бөлігі өнім таңбалауының дұрыс болмауына байланысты анықталған.
Тексеру қорытындысы бойынша талапқа сай келмейтін 125 келіден астам азық-түлік және 3 тоннадан аса химиялық өнім саудадан алынды. Сонымен қатар кәсіпкерлерге қатысты 55 тергеу жүргізіліп, әкімшілік шаралар қабылданған. Мамандар тұрғындарға өнімді сатып аларда оның таңбалануы мен жарамдылық мерзіміне ерекше назар аударуға кеңес береді.