Қостанайда футболдан Қазақстан чемпионаты басталды. Бұл жолы тартыс 2008–2009 жылдары туған жасөспірімдер арасында 8 команданың қатысуымен өтуде. Қазір облыста 800-ге жуық жасөспірім дәл осы спорт түрімен айналысады. Толығырақ әріптесім Асылан Ермекбай тарқатады.Тобыл Аренада өтіп жатқан Қазақстан чемпионатына еліміздің ең үздік командалары жиналды. 2008–2009 жылы туған жасөспірімдер арасындағы біріншілікте сегіз команда ел чемпионы атағы үшін бақ сынауда. Айта кетейік, аталған жарыстың іріктеу кезеңі осы жылдың сәуір айында өткен болатын.Қостанайлық футболшылар да бұл додаға тыңғылықты дайындықпен келген. Жерлестеріміз 2023 жылы өз жас санатында Қазақстан чемпионатының жеңімпазы атанып, ел футболындағы көшбасшы командалардың бірі екенін дәлелдеген болатын. Бұл жолы да команда жоғары нәтиже көрсетіп, чемпиондық атаққа таласуды көздейді.Өзге өңірлерден келген командалар да жеңіске жетуден үмітті. Олардың айтуынша, Қостанайдағы жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылған әрі мұнда сапалы ойын көрсетуге барлық жағдай жасалған. Сондықтан әр команда чемпиондық атақ үшін соңына дейін күресуге ниетті.Қостанайдағы бұл додаға 8 команда, яғни Қостанай, Петропавл, Астана, Павлодар, Шымкент, Тараз, Түркістан, Қызылорда командалары теңбіл доптың мықтысын анықтауға келіп отыр. Жүзден жүйрік шыққаны Қазақстан Республикасының чемпионы атанады.