Мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары аясында жайылымдық мал шаруашылығын одан әрі дамытуға және еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған «Жайлау» жаңа жеңілдетілген кредиттік өнім іске қосылды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі мәлім етті.
«Жайлау» бағдарламасы қуаттылығы 300 бастан кем емес ірі қара мал немесе 1000 бастан кем емес ұсақ мал ұстайтын жаңа мал шаруашылығы қожалықтарын құруды қолдауға бағытталған. Енді бұл бағдарламалар тек ірі қара мал шаруашылығын ғана емес, түйе, ара, марал шаруашылықтарын да қамтиды.Бағдарламаны жүзеге асыру саланың өндірістік инфрақұрылымын нығайтуға, мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға және ауылдық жерлерде қосымша жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «Игілік», «Береке» бағдарламалары және «Айналым қаражатын толықтыру» бағыты бойынша жеңілдетілген қаржыландырудың қолданылу аясы кеңейтілді. «Игілік» және «Береке» бағдарламалары жоғары өнімді асыл тұқымды мал сатып алуды қаржыландыру арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға арналған.