Облыстық прокуратураның үйлестіруімен Қарабалық ауданындағы «Қайрак» өткізу пунктінде облыстық Экономикалық тергеп-тексеру және шекара қызметі департаменті этил спиртін жалған құжаттар арқылы елден тыс жерлерге заңсыз әкету әрекетінің жолын кесті.Жеке тұлғаның республиканың оңтүстік өңірлерінен акцизделетін өнімді тасымалдауға лицензиясыз және кәсіпкерлік қызмет субъектісі ретінде тіркеусіз айтарлықтай мөлшерде тасымалдағаны анықталды.


Салық салу объектісін жасыру мақсатында ілеспе құжаттарда жүк «алма сірке суы» ретінде көрсетілген. Қарабалық аудандық сотының үкімімен сотталушы кінәлі деп танылып, оған 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бұл мемлекет пайдасына 24 тонна этил спиртін тәркілей отырып, 786 400 теңге болады. Үкім заңды күшіне енді. Өңірде алкоголь өнімінің заңсыз айналымының жолын кесу жұмыстары жалғасып жатыр.