Қостанайда мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты жиын өтті. Іс-шараға облыстың мемлекеттік қызметкерлері, сала ардагерлері мен жас мамандар қатысты. Салтанатты кездесуде үздік қызметкерлер марапатталып, арнайы төсбелгілер мен грамоталар табысталды. Сондай-ақ, спартакиада мен «Үздік рилс» байқауының жеңімпаздары анықталды.
Бүгін Қостанайда аймақтың дамуына үлес қосып, ел ісіне адалдық танытқан мемлекеттік қызметтің үздіктері бас қосты. Төл мерекеге арналған салтанатты жиын – жауапты кәсіп иелерінің жыл бойғы еңбегін қорытындылау. Қазір облыста мемлекеттік қызметте 4 жарым мыңға жуық мемлекеттік қызметкер бар.
Салтанатты жиынның ең маңызды сәті – марапаттау рәсімі. Елге сіңірген еңбегі үшін бірқатар қызметкерлер «Үздік мемлекеттік қызметші» және «Мемлекеттік қызмет ардагері» төсбелгілерін кеудесіне тақты. Оксана Кочкурова мемлекеттік қызмет саласында 20 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман. Ол 10 жылдан бері Қостанай облысы әкімдігінің Мемлекеттік сатып алулар басқармасын басқарып келеді. Бүгін оған «Үздік мемлекеттік қызметші» марапаты берілді.
Мұнымен қоса, облыс әкімінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының және департамент басшысының грамоталары табыс етілді. Бұл – тек құрмет емес, жүктелген үлкен жауапкершілік. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметші күніне орай қоғамдық пікірді қалыптастыруға үлес қосқаны үшін БАҚ өкілдері де марапатталды. Олардың бірі – біздің арнаның редакторы Жанар Ержанова.
Бүгінгі мемлекеттік қызметші тек кабинетте отыратын маман емес. Ол – спортта да шымыр, заманауи трендтерді де меңгерген креативті тұлға. Жиын барысында қызметкерлер арасындағы спартакиаданың және «Үздік рилс» шығармашылық сайысы мен «Мемлекеттік қызметті жетілдіру жөніндегі үздік идея» конкурсының жеңімпаздары сахнаға көтерілді. Сонымен қатар, халыққа сапалы қызмет көрсету саласында озық шыққан ұйым қызметкерлері де алғыс хаттармен марапатталды.