Қостанайда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын тұрақтандыру жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы қалалық әкімдікте өткен кеңесте айтылды. Қазіргі таңда тұрғындар арасында картоп пен қырыққабатқа деген сұраныс жоғары. Бағаны тұрақтандыру мақсатында елдің оңтүстік өңірлерінен де көкөніс түрлері жеткізіліп жатыр.

Жыл басынан бері қала бойынша тұрақтандыру қорынан 1 мың 165 тонна өнім шығарылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға артық. Әсіресе, көкөніс тобына, соның ішінде картоп пен қырыққабатқа деген сұраныс жоғары. Мәселен, мамыр айында нарықтағы бағаны ауыздықтау үшін Түркістан облысынан төмен бағада осы көкөніс түрлері әкелінген

Аймақта азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында өңірлік қор жұмыс істеп тұр. Ол тікелей «Тобыл» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының бақылауында. Жауапты қорды қалыптастыру үшін облыстық бюджеттен қаржы бөлінген. Қазірдің өзінде қалада 12 жарым мың тонна өнім қоры жасақталды. 

Азық-түлік бағасын қолжетімді ұстап тұрудың тағы бір тиімді жолы -ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері. Мұндай іс-шаралар жергілікті тауар өндірушілерге өз өнімдерін делдалсыз, тікелей саудалауға мүмкіндік береді. Ал қала тұрғындары үшін бұл - сапалы әрі балғын өнімдерді төмен бағамен сатып алудың таптырмас мүмкіндігі.

Жауапты мамандар әлеуметтік тауарлардың үстеме бағасы 15 пайыздан аспауын жіті қадағалап жатыр. Талапты бұзғандар заң алдында жауап береді. Мониторинг барысында кәсіпкерлерге ескерту жасалып, сауда-саттық саласындағы ережелер жазылған жадынамалар үлестірілді.