Қостанай облысында вейптер мен никотин өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы жұмыстар күшейтілуде. Мамандар жастар арасында электронды темекіге тәуелділік көбейіп келе жатқанын айтып, оның денсаулыққа тигізер зияны туралы ескертуде.
Соңғы жылдары жастар арасында вейп қолдану кең таралған. Мамандардың айтуынша, бастапқыда қызығушылық ретінде басталған әдет уақыт өте келе тәуелділікке ұласады. Электронды темекінің құрамындағы зиянды заттар адамның жүйке жүйесі мен тыныс алу мүшелеріне кері әсер етеді.
Темекі өнімдерінің адам денсаулығына қауіпті екенін ескере бермейді көбі. Әсіресе, жасөспірімдердің ағзасы никотиннің зиянды әсеріне тез ұшырайды. Соның салдарынан тыныс алу жолдары тарылып, түрлі созылмалы аурулардың пайда болу қаупі артады.
Мамандар темекі, вейп және қорқордың кез келген түрі адам денсаулығына зиян екенін ескертеді. Ал қоғамдық орындарда темекі шегу мен қорқор тарту заңмен шектелген. Сондықтан тұрғындарды зиянды әдеттерден бас тартып, саламатты өмір салтын сақтауға шақырады.