Облыстық спартакиада және қаланың 70 жылдық мерейтойы. Осы жазда Арқалық бір мезетте қос бірдей дүбірлі іс-шара өткізбек. Тамыз айының басында моноқала еліміздің түкпір-түкпірінен келетін спортшылар мен қонақтарды қарсы алады. Арқалыққа облысы әкімі арнайы барып, алдағы үлкен тойдың дайындық барысын пысықтады. Арқалық 6 тамыздан бастап спортшыларды қабылдайды. Облыстық спартакиаданың ресми ашылу рәсімі 7 тамызға жоспарланған. Тұрғындар мен қонақтар үшін бағдарлама өте ауқымды әрі қызықты болмақ. Бүгінде басты алаңдардың бірі – «Жігер» стадионында жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Нысан таяу күндері пайдалануға берілмек.Мереке аясында отандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен концерттер ұйымдастырылады. Сондай-ақ, аламан бәйге мен қазақ күресінен республикалық турнир өтеді. Ал кешке қонақтар «Арқалық – болашақтың қаласы!» атты мерекелік гала-концерт пен зәулім отшашуды тамашалай алады.Сапар барысында өңір басшысы қаланың әлеуметтік-экономикалық даму барысына да назар аударды. Егер 2022 жылы қала бюджеті шамамен 20 миллиард теңгені құраса, биыл бұл көрсеткіш екі есе өскен. Қаржы әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, спорт нысандарын салу мен жөндеуге, көне ғимараттарды қайта жаңғыртуға және тұрғын үйлерді жаңартуға бағытталып жатыр.Мұнымен қоса, цифрлық инфрақұрылым да қалыс қалмай дамып келеді. Сапалы интернетке қол жеткізу үшін 8 ауылда жаңа станциялар орнатылды. Олардың қатарында Жаңақала, Молодёжное, Ашутасты, Целинное және өзге де елді мекендер бар. Сондай-ақ, қала мен ауылдарда бұқаралық спортпен айналысуға барынша жағдай жасалуда. Соңғы жылдары аулаларда 40-тан астам спорт алаңы бой көтерді.