Денсаулық сақтау саласында еңбек ету үлкен жауапкершілікті талап етеді. Әсіресе ауылдық жерде медицина қызметкері тәуліктің кез келген уақытында көмек көрсетуге дайын болуы керек.

Сырт көзге шағын ғана ғимарат болып көрінгенімен, мұнда күн сайын қызу жұмыс жүреді. Александров ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктіне үш ауылдық округтің тұрғындары тіркелген. Мұнда жалпы саны 1840 адамға медициналық қызмет көрсетіледі.Зәуреш Мұқатқызы бұл мекемеде жиырма жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ол ауылдағы әр тұрғынды жақсы таниды.


Мұнда күндізгі стационар да жұмыс істейді. Сондай-ақ жаңа зертхана мен балаларды қабылдауға арналған арнайы кабинет бар. Медициналық пункттің айналасы да көз тартады. Ауладағы гүлдер мен сәндік өсімдіктердің барлығын Зәуреш Мұқатқызы өз қолымен отырғызған. Оның айтуынша, ем іздеп келген адамды жылы атмосфера қарсы алуы керек. Александров ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пунктте басты назар – адамға деген жанашырлық пен сенімге негізделген. Мұндағы мамандар тұрғындарға сапалы көмек көрсетіп, ауыл халқының денсаулығын қорғауға үлес қосып келеді.