Мемлекет басшысы агроөнеркәсіп кешеніндегі дайын өнім үлесін 70 пайызға жеткізу туралы нақты міндет жүктеген болатын. Президент белгілеген бұл межеге жетуде аймақтарда қолға алынған ауқымды жобалардың маңызы зор. Осындай стратегиялық маңызы бар бастамалардың бірі бүгінде Қостанай өңірінде сәтті жүзеге асырылып жатыр.

Өңірде ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында ауқымды жоба жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, «KAIZEN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұршақ тұқымдас дақылдарды қайта өңдеуге арналған жаңа зауытты іске қосты.

Еліміздің теріскей аймағында баламасы жоқ бұл бірегей кәсіпорын қазіргі таңда дақылдардың төрт түрін өңдеуді жолға қойған. Стратегиялық маңызы бар өндіріс орнының ашылуы аймақтың экономикалық әлеуетін арттырып қана қоймай, жергілікті тұрғындар үшін 70 жаңа тұрақты жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берді.

Компания өз өнімдерін ішкі нарықтан бөлек, жақын және алыс шетелдерге де белсенді түрде экспорттап келеді. Өндірістік көрсеткіштерге сүйенсек, тек өткен есепті кезеңнің өзінде кәсіпорында 180 мың тонна дайын өнім өндіріліп, экспортталған. Өндіріс аясын одан әрі кеңейтуді көздеген серіктестік жаңа инвестициялық жобаны қолға алды. Қазіргі уақытта макарон өнімдерін шығаратын заманауи зауыттың құрылысы басталып кетті. Жаңа өндіріс ошағы іске қосылған сәтте тағы 70 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.

Ауқымды инвестициялық жобалар толық қуатына енген кезде өндіріс көлемі бірнеше есеге артпақ. Сондай-ақ жоспар бойынша серіктестік бидайды терең өңдейтін диірмен кешенін салуды қолға алды. Нәтижесінде бұршақ пен бидайды қайта өңдеу кешендері, сондай-ақ жаңа макарон зауыты іске қосылғанда жалпы жылдық өнімділік 400 мың тоннаны құрамақ. Мамандардың пікірінше, бұл қадам отандық агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін жаңа деңгейге көтеретін қомақты үлес болмақ.