Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының күзет аймағында және оған іргелес Науырзым, Әулиекөл және Қамысты аудандарының аумақтарында мониторинг жүргізетін патрульдік топтар құрылды. Инспекторлар жануарлардың көшу бағыттарын бақылап, киік үйірлерінің егістік алқаптарға шығу қаупі бар учаскелерді анықтауда. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдармен және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен тұрақты байланыс орнатылған. Киіктердің ауыл шаруашылығы жерлеріне жақындауы байқалған жағдайда жарық және дыбыстық сигналдар қолданылады.

Патрульдердің негізгі міндеті – жануарлардың егістікке кіруіне жол бермей, оларды қайтадан дала аймақтарына және дәстүрлі көшу жолдарына бағыттау. Мұндай шаралардың қажеттілігі Қазақстандағы киік санының күрт өсуімен байланысты. Егер осыдан 10 жыл бұрын бұл түр жойылып кету қаупі төнген жануарлар қатарына жатса, бүгінде оның саны рекордтық деңгейге жетіп, 4 миллионнан асты. Мамыр айындағы төлдеу науқанынан кейін киік санының 5 миллион басқа дейін өсуі болжанған болатын. Сонымен қатар жабайы табиғат пен ауыл шаруашылығы арасындағы қайшылықты жағдайлар саны да артып келеді. Мамыр айындағы санақ деректеріне сәйкес, Қостанай облысында 90 мыңға жуық киік тіркелген. Олардың негізгі шоғыры Арқалық маңында байқалды. Алайда бұл көрсеткіш тұрақты емес. Киік – дала аймағындағы ең жылдам әрі қозғалғыш жануарлардың бірі. Маусым айының ортасына қарай төлдері ұзақ қашықтыққа көшуге жеткілікті деңгейде жетіледі. Осыған байланысты үйірлер азықтық қор іздеп, тәулігіне ондаған шақырым жол жүреді. Науырзым мемлекеттік табиғи қорығының мәліметінше, профилактикалық шаралар мен жедел әрекет етудің арқасында киіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарына жаппай кіру жағдайлары тіркелмеген.