Мамандық таңдауда мүлт кетпей, арманға адаспай жету - әр талапкердің қалауы. Бүгінде болашағын бағамдаған түлектер құжаттарын жинап, байыз таппай жүр. Өйткені, жоғары оқу орнына қабылдау басталып кетті. Өңірдегі А. Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінде алғашқы күннің өзінде жұмыс қызу, келушілердің қарасы қалың.
Университеттің қабылдау комиссиясы 20 маусымнан 25 тамызға дейін жұмыс істейді. Комиссияның жұмыс кестесі де ыңғайлы, күн сайын 9:00-ден 18:00-ге дейін, аптасына алты күн. Таңнан кешке дейін мұнда талапкерлер легі толастамайды. Қабылдаушылар әрбір үміткерге бағыт-бағдар беріп, құжаттарды мұқият қабылдап, мамандық таңдауға қатысты кеңестерімен бөліседі.Қабылдаудың алғашқы күнінде университетке 30-ға жуық талапкер құжат тапсырып үлгерген екен. Мұнда келген әр таоапкер мамандық таңдауға зор сеніммен қарап, өз арманына бір табан жақындай түседі.Осылайша, Қостанай өңірлік университетінде талапкерлер үшін жауапты кезең жалғасуда. Әрқайсысы өз бағытын айқындап, болашақ мамандығына деген алғашқы қадамын жасап жатыр. Білім ордасындағы бұл маңызды кезең жастардың арманын нақты мақсатқа айналдыратын үлкен мүмкіндік.