Көпшілік сатып алған тауарының түбіртегіне еш мән бермейді. Көбі оны қажетсіз қағаз санап, бірден қоқысқа тастап жатады. Алайда мамандар фискалдық түбіртек тұтынушы құқығын қорғаудың маңызды құралы екенін айтады. Осы мәселені тұрғындарға түсіндіру мақсатында Қостанайда арнайы акция басталды. Бұл жоба екі ай көлемінде жүзеге асады. Оған қатысушылар бағалы сыйлықтарға ие бола алады.

Сатып алушы үшін түбіртек жай ғана төлем жасалғанын растайтын қағаз емес. Көбі оны дүкеннен шыққан бойда қоқыс жәшігіне тастайды. Алайда мамандар фискалдық түбіртектің маңызын естен шығармауға кеңес береді. Өйткені ол - сатып алушының құқығын қорғайтын негізгі құжаттардың бірі. Тауарды қайтару қажет болғанда, қызмет сапасына қатысты дау туындаса не заңбұзушылық анықталса, түбіртек тұтынушының өз мүддесін қорғауына мүмкіндік береді. Осыған байланысты Қостанай қаласының Мемлекеттік кірістер басқармасы тұрғындарды түбіртек талап етуге ынталандыру мақсатында дәстүрлі акцияны қайта қолға алды.

Акция 12 маусым күні басталды. Қатысу үшін сатып алған тауардың түбіртегін қаладағы бірнеше сауда нүктесінде орналасқан арнайы жәшіктерге салу жеткілікті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жеңімпаздарға ақшалай сертификаттар табысталады. Жүлде мөлшері қатысушының жинаған түбіртектерінің санына және ұтыс нәтижесіне байланысты анықталады. Сыйақы көлемі 20 мыңнан 30 мың теңгеге дейін жетеді.

Аталған акция 12 тамызға дейін жалғасады. Ал оның қорытындысы Мемлекеттік кірістер басқармасының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында тікелей эфирде жарияланады. Мамандар мұндай бастамалар тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттырып қана қоймай, кәсіпкерлердің заң талаптарын сақтауына да оң әсер етеді дейді. Өйткені талап етілген әрбір түбіртек - ашық сауда мен әділ бәсекенің кепілі.