Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қостанай облысында агроөнеркәсіп кешеніндегі шикізатты терең өңдеу бағыты жүйелі жолға қойылған. Бүгінде өңірде тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі саласында 190 кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр.
Негізгі міндет – жоғары қосылған құны бар өнім өндіру көлемін арттыру және өңірдің экспорттық әлеуетін күшейту.«Баян Сұлу» АҚ «Кондитерлік астана» жобасын жүзеге асыру арқылы өндірістік қуатын айтарлықтай арттыруда. Кәсіпорын кондитер өнімдерінің жылдық көлемін 52 мың тоннадан 68 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Бұл бастама ішкі нарықты сапалы өніммен қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті де күшейтуге мүмкіндік береді.Жалпы экспорттық әлеуеттің артуы мемлекеттік қолдаудың арқасында мүмкін болып отыр. Мәселен, Қазақстанның экспорттық-кредиттік агенттігі арқылы Қостанай облысының бірқатар кәсіпорындары экспорттық әлеуетін арттырған. Бұл институт экспорттық операциялар кезіндегі тәуекелдерді азайту үшін сақтандыру, қаржыландыру және кепілдік құралдарын ұсынатын негізгі даму институты болып отыр.Сондай-ақ өңірде шикізат базасын дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Сүт-тауар фермалары жобалары аясында сүт өндірісі 85 мың тоннадан 165 мың тоннаға дейін өседі. Бұл сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттырып, дайын өнім көлемін көбейтуге мүмкіндік береді. Өңделген өнімдердің экспорттағы үлесі 49,3%-ды құрайды. Өңірде қайта өңдеу саласында жалпы көлемі шамамен 160 млрд теңге болатын бірқатар инвестициялық жобалар іске асырылуда.