Меңдіқара ауданында негізгі әлеуметтік-экономикалық салаларды жүйелі дамыту жұмыстары жалғасуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте баяндалды. Ауыл шаруашылығын қолдау, кәсіпкерлікті дамыту және инфрақұрылымды жаңғырту бағыттарына басымдық беріліп, өңірдің тұрақты дамуына жағдай жасалып жатыр.
Ауданда көктемгі егіс науқаны бойынша жұмыстар 311 мың гектар алқапта толық аяқталды. Егіс құрылымы дәнді, майлы, мал азықтық дақылдар мен көкөністерді қамтиды. Шаруашылықтар қажетті техникамен толық қамтамасыз етіліп, науқан оңтайлы мерзімде әрі іркіліссіз өткізілді. Сондай-ақ, бұл бағытта бірқатар жобалар да жүзеге асырылып жатыр.Аграрлық сектордың дамуы өңір экономикасының тұрақтылығын арттырып отыр. Жыл басынан бері 4990 тонна сүт өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 26 пайызға өсті.
Сондай-ақ 911 тонна ет өндіріліп, жалпы мал шаруашылығы өнімдерінің көлемі 3,7 миллиард теңгеге жетті. Ауданда кәсіпкерлік пен туризм де қарқынды дамып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және инвестиция тартуға мүмкіндік беруде.Бұдан бөлек ауданда тұрғын үй құрылысы, білім беру және денсаулық сақтау салаларында да бірқатар жобалар іске асырылуда. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға арналған тұрғын үйлер салынып, мектептер мен медициналық мекемелер жөнделіп, инфрақұрылым жаңартылып жатыр.
Жалпы алғанда, ауыл шаруашылығынан бастап кәсіпкерлікке, әлеуметтік сала мен инфрақұрылымға дейінгі барлық бағыттардың кешенді жүзеге асуы Меңдіқара ауданының тұрақты дамуын қамтамасыз етіп, инвестициялық тартымдылығын және халықтың өмір сүру сапасын арттыруда.