Адам өмірінің арашасы, денсаулықтың сақшысы. Ол күн мен түнге қарамай, науқастың дертіне дауа іздеп, үміт сыйлайды. Мейірімі мен білімі ұштасқан дәрігердің еңбегі қашанда құрметке лайық.Артем Тисленко – жоғары санатты хирург-дәрігер және травматолог. Ол медицина саласын бала кезінен таңдаған. Қазір Қостанай қалалық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары қызметін атқарады. Оның айтуынша, ақ халатты абзал жан болу оңай жол емес.Басшылық қызметке келгенге дейін дәрігер жүздеген ота жасап, көптеген жанның сауығып кетуіне ықпал етті. Оның негізгі бағыты – сүйек, бұлшықет және сіңір жарақаттарын емдеу. Бүгінде әкімшілік қызмет атқарғанына қарамастан, уақыт тауып науқастарды қабылдауға тырысады.Дәрігер мамандығы үлкен жауапкершілік пен жанқиярлықты талап етеді. Бұл маман иелері үшін басты құндылық – адам өмірі мен денсаулығы. Осы қағиданы Артем Тисленко да ұстанып келеді.