Қостанай қаласының тұрғыны полицияға 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басына тиесілі екі көне мылтықты өз еркімен тапсырды. Тарихи құндылығы жоғары қарулар тіркелмеген атыс қаруын сатып алу бойынша республикалық акция аясында қабылданды. 

Бұл сирек қарулар мұражайға қойылмақ. Ал осы уақытқа дейін олар қала тұрғынының үйінде сақталып келген. Құжаттары жоғалған соң, иесі қаруларды мемлекетке өткізуді жөн көріпті. Айтуынша, олар ата-бабасынан мұра болып қалған.

Тапсырылған мылтықтардың бірі - Ұлыбританияда жасалған көне аңшылық қару. Халық арасында оны «үйрек атқыш» деп атайды, яғни үйрек аулауға арналған мылтық. Бұл қару қара дәрімен оқталып, оқпан арқылы қуатталатын ескі үлгідегі мылтық. 

Жыл басынан бері Қостанай тұрғындары полицияға 13 қару 

тапсырған. Оның үшеуі - ойық ұңғылы, ал оны - тегіс ұңғылы қару. Тіркелмеген қаруды өз еркімен өткізген азаматтарға оның түрі, техникалық жағдайы мен тарихи құндылығына қарай ақшалай өтемақы төленеді. Биыл бұл мақсатқа бөлінген қаржы көлемі 900 мың теңгеден асқан.